Айсағали ҚЫДЫР
aisaghali@gmail.com.

Қазақы төбет қалды ма?
Қалса, құрып кетпеуінің қамын жасайық.

Осыдан азғантай уақыт бұрын «Маңғыстау» газетінде «Таным» айдарымен абыз ақсақал, этнограф Жағда Бабалықұлының құмай тазы мен қыран құс туралы және менің «Алабай» атты мақалаларымыз жарық көрген болатын. Сүйтсек, табиғатында саятшы, аңқұмар, құмай тазы мен қыран құс дегенде делебесі қозып шыға келетін қазақтың қаны бойында әлі бар замандастарымыз аз емес екен. Мені танитын бірнеше кісі бұл мақала ағайындар бас қосқан жерлерде айтылып, талқыға түсіп жүргенін айтты. Телефон шалып, пікір айтқандар да болды. Алабайды дәріптеп, кәдімгі қазақы төбетке мән бермегенімді сөккендер де бар. Бір қария: «Айсағали деген бала сенбісің? Менің өмірімнің көбі түрікпен арасында өтті. Сол түрікпендер бұрын алабай итті «қазақы төбет» деп атайтын-ды. Қызылдан ауып барған біздің адай апарған ол итті түрікпенге. Оны білмей, алабайды түрікпеннің иті дегенің қай шатасқаның?» деп ұрсып та тастады.

Рас, қолымда қазақы төбет туралы ғылыми не тарихи дерек жоқтың қасы. Дегенмен, ол туралы көрген-білгенім бір айтарға, ой тастауға жарап қалар.

11 жасымда шешем біреуден түйе сатып алатын болып, жол-жөнекей машинаға ілесіп, Форттан Тельманның, қазіргі Сайын ауылының іргесіндегі бір үйге келдік. Арыстандай нән төбетті тұңғыш рет сонда көріп, есім кете таңғалғанымды ұмытқаным жоқ. 1979-жылдан бері «Коммунистік жол» газетінің ауыл шаруашылығы бөлімінде қызмет істей жүріп, малшы ауылдарынан осындай маңтөбеттерді бірнеше рет кездестірдім. Соның бірін марқұм Ниетбаев Жылқышы деген шопанның үйінен көрдім. Тайыншадай нән ақ ит еді. Күннің салқын кезі, су тасиын Газ-52 машинасының жылымайтын кабинасында дірдек қағып, үсіп өлердей боп барып, сіресіп қалған сүйектерімізді зорға жазып, жерге түскенде, қой қораның төбесінде таудай боп тұрған итке көзім түсті. «Әдеті сол, күндіз түні қой қораның төбесінде жатады. Бұл барда қасқырдан қорықпаймын» деп еді Жықаң.

Жағда атамыздың қазақы төбетке берген анықтамасында мынадай бір сөздер бар: «Таутөбет – тау, таудай, үлкен, ірі, дәу, кесек дегеннен туған сөз. Тау төбеттер үйшікке жатпайды. Қар немесе мұз үстіне жата салса да, аязға еш тоңбайды. Әлемдегі 116 ит түрі ішінде қазақтың таутөбеті ең ірісі болып табылады. Оның кеудесі, мойны, тұмсығы жуан, басы, аузы үлкен, тістері ірі, езулері салақтап жүреді. Тұмсығы келтелеу болса да, жуан болып келеді. Түктілігі екі түрлі – жүні қалың, ұзын қылшықты. Бас жүні бет-аузын жауып тұрады. Құлақтарын да жүн басып алған. Денесінде де қалың түбіт қаптаған. Екінші түрінде жүні сәл тықырлау, алайда түбіті қалың шығады». Осы айтылған таутөбет сол Жықаңның үйіндегі төбет шығар деп ойлап отырмын.

Кім екені есімде қалмапты, Сам құмында отырған бір шопанның үйінен де тұрқы нән, ерекше айбатты итті көргенім бар. 1980-жылдардың басында қыс қаһарына мініп, қасқырдың құтырынған бір жылы болды. Сонда әлгі төбеттің бір қыста бес қасқырды бір өзі алғаны жайлы жазған едім.

Жалпы, қазақы төбеттердің даңқы ежелден алысқа кеткені жайлы аз-мұз дерек бар. Қазақтың салт-дәстүріне, соның ішінде саятшылық өнеріне жанашыр жігіттер ашқан www.tobet.kz деген сайтқa кіріп көрдім. Сонда мынадай мәліметтер бар: «Төбет иттердің шығу тегі жайындағы мәлімет көздері б.э.б. 1121 жылдардан басталады. Қазақы төбет ит қаңқалары Шығыс Еуропадан Қиыр Шығысқа дейінгі мұздақ дәуірі алдындағы климаттық зоналы өлкелерден табылған.

Көшпенділер өмірі дәстүрлі түрде жылқы малымен тығыз байланысты. Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында ойға сыймайтын алып денелі, ерекше күшті иттер жайында былай деп жазып кеткен: «Тайыншадай биік денелі иттер - тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік». Шағатай ұлысынан саяхатшы қасқыр алатын бұл иттерді хан сарайынан кезіктірген. Оларды өсірумен ханның екі бауыры айналысқан. Ит саны 10 мың бас көлемінде болған. Қасқыр алар иттердің хан сарайында осынша мән беріліп, арнайы өсірілуі еріккеннің ермегі емес, жыртқыштармен жағаластырған көшпенді өмір талабы еді».

Осы сайтта төбеттің дене бітімі, тұрқы жайлы да мәліметтер толық берілген. Оның бәрін қайталап жатпай-ақ қоялық, керек адам осы сайтқа кіріп, қаныға алады. Тек «Бұл ірі сомдалған иттің орташа тұрқы 72-75 см (кейде 80 см), салмағы 50-60 кг болып келеді. Күдірейген жонына нығыз орналасқан бас сүйегінде көзге айқын түсер тұс –дөңес қабақ, жазық маңдайы. Тұмсық бітімі бас сүйегінен кішілеу, тікбұрыш формасындағы тұмсықтың арқа тұсы жалпақтау біткен. Тұмсықтың ұшы жалпақ, қара түсті болып келеді. Үстіңгі ерні қалың, астыңғы иегі жалпақ, жақ сүйектері күшті, бедері айқын. Басын еңкейткен сәтте бас терісінде қатпар пайда болады. Құлақтары үшбұрыштанып, төмен орналасқан. Қорғаныс қамалындай дөңес қабақтарының астына кішірек көздері терең орналасқан. Басын төмен салған кезінде қабақ астынан қараған көзқарасы қаһарлы көрінеді. Тістері ірі, табиғи ақтығымен көзге ұрады» деген ақпарды келтіре кеткенді дұрыс көрдім. Мүмкін, қолымыздағы төбетті тани алмай жүргендеріміз де бар шығар, кім біліпті...

1939 жылы Қазақстанда тазының саны - 7 мың, ал төбет 19 мыңға жетеғабыл болған екен. Ал бүгінде еліміз бойынша тазының 300-дей, қазақы төбеттің 1 мыңға жетер-жетпес қана тұқымы қалыпты. Оның да қаны тазалары бар ма, жоқ па, тап басып айтар ешкім жоқ. Бұлайша тұқымының құрып кетуіне мамандар репрессия кезінде елден ауа көшкен күйлі кісілермен бірге нағыз таза қанды дүрегей төбеттердің де кетуі және Кеңес дәуірінде ел арасына жиі-жиі шығып, ит біткенге қырғындай тиетін ит атқыш бригадалар кінәлі деп есептейді. Біздіңше, төбет тұқымының құрып, азуына қолда бардың бағасын білмеген, сақтамаған, кез-келген ит атаулымен шағылыстырып, ұсақтанып кетуіне жол берген қазақтың өзі кінәлі.

Түрікпендер алабайы мен ахалтекесін, аруанасы мен кілемін ұлттық мақтанышы етіп, әлемге әйгіледі. Ондай мақтанар жәдігерлеріміз бізде де аз емес. Тек соны бағалай алмай жүрміз. Қазақы төбеттің тұқымы құрып кетпеген шығар, әлі де малшы ағайындардың сенімді серігі болып, алыс ауылдарда жүрген шығар деген үміт бар. Олай болса, дерегі, дәйегі бар азаматтардан хабар күтеміз. Ондай мақтанар, дәріптер жағдайларымыз болса, жасырмайық, жарыққа шығарайық. Біз өз тарапымыздан барып көріп, суретке түсіріп, ғылыми есепке алынып, тұқымының жойылып кетпеуіне, қанының жаңғыруына қолғабыс жасар едік. Ондай ақпарат болса, «Айсағали Қыдырға» деген айдарымен «Маңғыстау» газетінің редакциясына немесе aisaghali@gmail.com деген электронды поштаға хабарласуын сұраймыз.

Таза қанды тазы иттер мен қыран құстар жөнінде де осындай өтінішіміз бар.

 

Сайттың информациясын пайдаланған кезде, www.tobet.kz сайтқа сілтеме жасау міндетті
Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы
почта:info@tobet.kz
© 2004 - 11 Tobet.kz

негізгі парақта  / тарихы
видео
фотокөрмесі

Төбет - төбеде жатқан ит...
4000 жыл бірге
Қазақтардың ит ұстап-баптауы
Төбет тарихы
Қазақ Төбетінің мүсіні
Нун-на
Қарақан
Жеті қазынаның бірі
АҚ-қазақы
Екі иттің достығы (ертегі)