ТӨБЕТ
Әлемнің барлық аңыздарында бағзы замандардан Адамзат серігі ретінде танылып, тарих таразысын бірге тербеген тіршілік иелері - таңғажайып жануарлар туралы мәліметтер көп сақталған. Біз әрқашан қиял қанатына мініп, арман әлемін іздегенде қасымыздан табылып, көмек көрсететін ғажайып тіршілік иелерін: самұрық, айдаһар, жылан мен барыс, Жерді үстіне қондырған алып тасбақа мен мемлекеттерді сақтап қалған бөрілерді еске аламыз… Біз оларды тарих сырларын жинаған фреска өрнектерінен, жаңа табылған тарихи қазбалар арасындағы шиыршықтардан іздейміз, лохнес құбылысын анықтауға арнайы экспедициялар ұйымдастырамыз, өзімізге қажетті сұлбаларды көру мақсатында кейде пирамида жұмбақтарына үңілсек, кейде тіптен жұлдызды ғарыш кеңістігіне көз тігеміз… ХХI ғасырдың Қазақстанда өткізіліп жатқан көрмелерінің бірінде Марко Поло еңбектерін зерттеп жүрген француз ғалым-этнографы қарапайым қарғы бау тағылған алып та маңғаз итті ұстап тұрған ақсақалдың алдына барып қаққан қазықтай қатады да қалады. Итті бастан-аяқ қараған күйі жануардың алдына жүгіне отыра кете, өзіне таңдана қараған жүздеген адамның көзінше аузынан жалын шашқан айдаһарды көрген адамға тән сезіммен сөйлей бастады.
-Бұл… бұл – нағыз Төбет емес пе? – ғалымның даусы дірілдей шықты, - Нақ өзі ме? Көшпенділер өркениетінің сақшысы болған айтулы ит пе?! Бұл сөздер маңындағыларға өткен дәуірден ескен желдің лебіндей әсер етті. Жастар асқан қызығушылықпен ірі денелі итті қоршап алып, қарай бастады. Иттің иесі француздың шаттанған себебін аса түсіне қоймаған күйі, өзі де иті де байсалды да байыпты күйде қала берді. Ақсақалдың көрмеге келу мақсаты да айқын. Ол сұрыптау тәжірибесі бойынша алынып, базар бағамын төмендеткен төбет иттерден нағыз Төбеттің ерекшелігі мен артықшылығын танытпақшы. Мүмкін, қарт өзінің адамдар назарына аңыздағы кентаврларға барабар тіршілік иесін ұсынып тұрғанынан бейхабар болар, бірақ ол өз Төбетінің қасқыр алар қасиеттілігі мен ықылым замандардан белгілі санаулы табиғат таңғажайыптарының бірі екеніне кәміл сенімді.
Төбет иттердің шығу тегі жайындағы мәлімет көздері б.э.б. 1121 жылдардан басталады. Қазақы төбет ит қаңқалары Шығыс Еуропадан Қиыр Шығысқа дейінгі мұздақ дәуірі алдындағы климаттық зоналы өлкелерден табылған.
Көшпенділер өмірі дәстүрлі түрде жылқы малымен тығыз байланысты. Марко Поло ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында ойға сыймайтын алып денелі, ерекше күшті иттер жайында былай деп жазып кеткен: «Тайыншадай биік денелі иттер - тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік». Шағатай ұлысынан саяхатшы қасқыр алатын бұл иттерді хан сарайынан кезіктірген. Оларды өсірумен ханның екі бауыры айналысқан. Ит саны 10 мың бас көлемінде болған. Қасқыр алар иттердің хан сарайында осынша мән беріліп, арнайы өсірілуі еріккеннің ермегі емес, жыртқыштармен жағаластырған көшпенді өмір талабы еді.
Бүгінгі күнде Қазақстанда таза қанды Төбеттер аз қалды. Егер де Алматы облысындағы тасқа қашалған ит суреттеріне негізделген деректерге сүйенсек, онда бұл иттердің осы өлкеде өмір сүріп жатқан кезеңін 4 мың жылдан астам деп қарап, қазіргі Төбеттің – бүкіл қазақ халқы бастан кешкен дәуірлердің куәгері болған асыл тұқымның шынайы ұрпағы екенін батыл айтуға болады. Олай болса, француздың «желдей жүйткіген жүйріктер дәуіріндегі көшпенділер өркениетін сақтап қалған ит туралы» тағданысына төмендегідей дәлел айтуға болады: Төбет – көшпенді өмір тарихының құнды жәдігері, отырықшы мәдениет тұсында жоғалып кету қаупі төнген алып кейіпкер, яғни, өзін сомдаған уақытқа қалтқысыз қызмет еткен шынайы перзент. Енді бұл иттердің көшпенділер өмірінен салынған бір де бір суреттен бой көрсетпеуі жөнінде сұрақ туары сөзсіз. «Бөрінің тәңірісі болса, иттің иесі бар» деп бағалаған халық, Төбет – жеті қазынаның бірі, дала көшпенділерінің құндылығы ретінде тіл-көзден сақтауға тырысқан. Ал құпия тек аманат ретінде ғана беріледі емес пе? Төбет – адам қабағын баққан жай серік, немесе айбат берер көрік, ұлтқа тән ортаның көрсеткіші емес, сайын даланың ғасырлар көшімен жалғасқан тұтас өркениетін қорғау міндетін мойнына жүктеген метафизикалық күш, кие. Кие мен қасиет деген ұғымды жарқыратып көрсете бермей, жасырын ұстап, ерекше қастерлейтін көшпенділер бұл дәстүрге әркез берік. Иә, ол адам жанындағы суреттерде жоқ… Бірақ түйсік көзімен қарасаңыз асыл текті Төбеттің көшпенділер орналасқан тұстан, тау қыраттары, жапандағы жазықтар мен шөлейтті шаңдақтар арасынан бірқалыпты маңғаз күйінде өз міндетін атқарған күйінде сенімді серік болып жүргенін көресіз. Ірі денелі арлан төбеттің маңайдағының бәрі алақандағыдай айқын көрінер төбе басынан көсемге тән қырағылықпен көз тігіп, тастан қашаған мүсіндей қата қалған суретін көз алдыңызға елестетіңіз."Төбе иті" – қиырды шалған қырағы күзетші. «Төбет» атауының шығуы да осыған байланысты болар, сірә? Төрт түлік - көшпенділердің басты байлығы. Бұл байлыққа көз тіккен басты жау – дала тағылары, қасқырлар. Қасқырды жалаң қолмен алған ерлер болса да, кейде көшпенділердің жауынгерлік қабілеттері, орын ауыстырып отыруы мен кірпік қақпай күзететін сергектігі табиғат жыртқыштарының шабуылынан қорғап қала алмайтын тұстар да кездесетін. Айтпай келетін апат – қасқырларға қайыспай, қаймықпай қарсы тұратын тосқауыл тек табиғатынан осы қасиетке ие Төбеттер ғана еді.
Ертеде қазақ малшылары Төбеттерді тамақтандыратын ағаш ит аяқтарды жасатқанда ішкі өңіріне қасқыр терісін қаптатады екен. Бұл Төбет иттің тағам иісі мен қасқырдың иісін де қатар алып, өз қасиетін ұштай түсуіне баулиды. Бүгінгі күнде қазақстандық малшылардың миллиондаған шығынға ұшырауының басты себептерінің бірі – малдың ит–құсқа жем болуы. Жергілікті орындарда қасқырды ату бағасын 10–нан 40 долларға дейін бағалайды. Мамандар мұнан да көрі тиімді әдіс, мықты қорғаныш Төбет ит ұстау қажеттігін көлденең тартуда..
Көшпенді дәуір кезіндегі көштің көркі – байыптылық пен қырағылық таныта білген Төбеттер. Көш тоқтаған мезетте қырат басынан табылатын алапат күш иесі салқын қандылықпен өз міндетін атқаратын. Көшпенділер дәстүрі тоқтап, ұмытыла бастағанда табиғаттың бірегей туындысы Төбет те тарих тереңіне, уақыт тұманына кіріп адасқандай күй кешті. Адамдардың қат–қабат тағдырымен Төбеттің аңызға бергісіз тарихының осындай байланысы бар еді. «Асылдың қын түбінде жатпайтыны» сияқты Төбет иттер даңқы да тынымсыз адамзатқа тынышсыздық сыйлауда. Біреулері алыптың аңызын бүгінгі күннің шындығына айналдырғысы келсе, енді бірі күнкөріс қажеттілігінің сұраныс көзіне айналдырып пайда табуды көздеуде. Ең өкініштісі, қасқыр иісімен малданбаған, өзге қанмен қосылған, кейде айдаладан ұстаған құр ірі денелі итті «нағыз Төбет» деп көрсетіп, бәсекелесінің иті «түкке тұрмайтын үстірт түсінікпен таңдалған, шынайы қасиеттері жоқ екендігін» айтып айыптай отырып, өзінің осы қателіктерді қайталап отырғанын мойындамастан, жарнамасын жүргізіп, тұқым көбейтіп–сату ісін жалғастыруда. Бұл – таза қанды тұқымның жоғалуына ғана емес, қанмен берілер қасиеттердің түп–тамырына балта шабу. Сосын сатып алушылар тарапынан қасқыр иісін сезгеннен ауланың түкпіріне тығылатын ит пен ақталмаған баға мен уәде туралы таусылмас дау басталады... Әбден дұрыс. Таза қанды Төбет қасқырдан тайынбайды. Екі жасар Төбеттің төрт қасқырмен бір мезетте алысқан айқасы туралы да мәліметтер бар. Мұндай күш пен қуаттың кез–келген жануарға беріле бермейтіні анық. Қасқыр алатын итті өсірушілер пір тұтатын қазақ даласының айбыны – төбеттер туралы аңыздар осылай қалыптасқан еді. Өткен ғасыр соңында топтастыра жүйелеу барысында мамандар Төбеттерді «ортаазиялық овчаркалар» тобына енгізді. Бұл тұқым (ОАО), сонымен бірге түркімен алабайлары – түптеп келгенде қоспа қанды төбеттер. Нағыз қазақы Төбет үшін Батыс мамандары он мыңдаған евро беруге дайын. Бірақ «нағыздың нағызы» табиғатта саусақпен санарлық деңгейде бой көрсетеді. Бір отар қойды бағуға бір Төбет жеткілікті. Оның «алп» еткен үнін естіген соң жанкешті болмаса қасқырлар бата қоймайды. Олар өзін жеңер күштің мысын сөзіне қояр қабілетке ие. Үйірлі қасқырдың өзі бір Төбетпен шайқасқанда қаншалықты шығынға ұшырарын тағыға туа біткен түйсікпен сезінеді.
|
|
Сайттың информациясын пайдаланған кезде, www.tobet.kz сайтқа сілтеме жасау міндетті Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы
почта:info@tobet.kz
© 2004 - 11 Tobet.kz |
|
|